«Білімді ұрпақ – кемел келешек бастауы»

Бүгін рухани шаһар төрінде бой көтерген, білім көкжиегіне кең құлаш жайған Зияткерлік оқу ордасында салтанатты түрде алғашқы қоңырау соғылды. 

 

Жазғы демалыстан кейін басқосқан түркістандық зияткерлер білім ордаларына сағына қауышып, алғашқы қоңырау соғылар сәтті тағатсыздана күтті. Түркістандағы NIS шаңырағына жаңадан қосылған жас зияткерлерде шат-шадыман күйде білім күнін қарсы алды.

 

«Білімді ұрпақ – кемел келешек бастауы» атты тақырыппен бастау алған салтанатты жиында мектеп директоры Айдын Түсіпжанов алғысөз сөйлеп, оқушылар мен мектеп ұжымын, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады:

 

-Құрметті білім алушылар, ата-аналар мен ұстаздар қауымы! Баршаңызды көптен күткен «1 қыркүйек – Білім күні» мерекесімен құттықтаймын. Өткен оқу жылы білім ордасына біршама табысты нәтижелер көрсетті. Зияткерлер халықаралық ғылыми жобалар байқауы мен республикалық және желілік пән олимпиадаларында топ жарып, жүлделі орындарға ие болды. Алдағы оқу жылында барлығымыз өз дағдыларымызды тереңдетуге, мектеп қауымдастығы ретінде оқу ордасының дамуына үлес қосады деп сенім білдіремін – деп, 2023-2024 оқу жылында сәтті бастамалар тіледі.

 

Сонымен қатар, салтанатты шарада Айдын Елеусізұлы бірқатар мектеп ұстаздарын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде мектеп даңқын асқақтатып, республикалық ғылыми жобалар байқауларында топ жарып, жүлделі орын иеленген оқушылар көпшілік қошеметімен марапатталды.

 

Түркістандағы NIS жаңа оқу жылын 500 оқушымен бастап отыр. Биыл «Өркен» білім беру грантын иеленген 120 оқушы 7 сыныпқа қабылданды. Мерекелік жиын барысы әнұранмен басталып, концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік шараға құрметті қонақ ретінде мектептегі қамқоршылық кеңес мүшелері Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова мен ата-ана Жандос Шайдулла  қатысып,  мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, оқуда озат болуда сәттілік тіледі.

 

Салтанатты жиынның ең маңызды шарасы шарф тағу рәсімін тізгіндеген жоғары сынып оқушылары Түркістандағы NIS шаңырағына қосылған жас өрендерді құттықтап, оқу ордасының өркендеуіне бір үйдің баласындай атсалысуға сенім білдірді. 

 

Көпшілік тағатсыздана күткен алғашқы қоңырау соғу мәртебесі оқу озаты Жібек Алпысбай мен 7 сынып оқушылары арасында өткен конкурстық іріктеуден ең жоғары балл жинаған, «Өркен» білім беру грантының иегері, жас өрен Дәулет Тұрсынға беріліп, салтанатты түрде жаңа оқу жылы басталды.