Тоғызқұмалақ

Тоғызқұмалақ — қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Зерттеушілер бұл ойынның төртмыңжылдық тарихы бар екенін айтады. Тоғызқұмалақ қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорт ойыны болғанымен, оны қырғыздар да, қарақалпақтар да, алтайлықтар да ойнайды. Алайда қазақтың тоғыз құмалақ ойыны тіпті кемелденген және дамыған. Тоғызқұмалақ ойыны қазақ даласында кең тараған. Өйткені Қазақстанның бірнеше облысынан табылған археологиялық қазбалар осыған дәлел. Тым әріге бармай, ХІХ ғасырдан бері қарай айтар болсақ, бұл ойынды қазақтың  ұлы ақыны Абай Құнанбаев сүйіп ойнаған. Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы ақынның мұражайында Абай ойнаған тоғызқұмалақ тақтасы сақтаулы тұр. Кезінде бұл ойынға Шоқан Уәлиханов, Қалыбек Қуанышбаев, Сәрсен Аманжолов, Мұхтар Әуезов және Бауыржан Момышұлы сынды алаш ардақтылары қызығушылық танытып, қолдау білдірген. Тоғызқұмалақ — әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын интеллектуалды ойын, логикалық ойлау өнері. Жас ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да зор мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тауып,  зияткерлік даму құралы ретінде қолданған. Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданылады. Тоғызқұмалақ ойыны республикалық деңгейде Қазақстан Республикасы, Қырғызстан, Моңғолия сынды елдерде, Ресейде, әсіресе Алтай мен Қарашай-Черкес республикаларында ойналып келеді. Бүгінде АҚШ-тың Аляска университеті тоғызқұмалақ ойынын зерттеумен айналысып отыр. Қазақстан Республикасында қазір спорт түрі ретінде тоғызқұмалақ қанатын қеңге жайып, танымал ұлттық ойындардың біріне айналды.                                                                                                                 (244 сөз)

Тоғызқұмалақ (trt.net.tr)  

Оқылым тапсырмалары

  1. Тоғызқұмалақ ойынының неше жылдық тарихы бар?
А. 4000 В. 40000 С. 2000 D. 44 мың                                                                                                                        [1]  
  1. Тоғызқұмалақ ойынында әр ойыншыға неше құмалақ тиесілі?
А. тоғыз В. Жүз алпыс екі С. сексен бір D. сексен екі                                                                                                                         [1]  
  1. Тоғызқұмалақ қазақтың ұлттық ойыны екеніне не дәлел бола алады?
А. Шығыс Қазақстан облысындағы мұражай. В. Археологиялық қазбалар. С. Алаш ардақтыларының бұл ойынды насихаттауы. Д. Ақын Абайдың мұражайы.                                                                                               [1]   4-5. Мәтінге сәйкес келетін 2 дұрыс тұжырымды белгілеңіз.
Тұжырымды сөйлемдер Ш/Ж
А. Шоқан Уәлиханов, Қалыбек Қуанышбаев, Сәрсен Аманжолов, Мұхтар Әуезов және Бауыржан Момышұлы тоғызқұмалақты өте жақсы ойнаған.  
В. Тоғызқұмалақ – зияткерлік ойын.  
С. Тоғызқұмалақ Моңғолияда өте танымал ойындардың бірі.