Қазақ жазуының тарихы

Б.з.б. І мыңжылдықтың басында Орта Азия мен қазіргі Қазақстанның далаларында сақ, кейін үйсін мен қаңлы тайпалары мекендегені белгілі. Осы ру-тайпалар бірігіп, VI ғасырдың ортасында «Түрік қағанаты»деген атпен өз алдына мемлекет құрған.  

Түркі қағанатының алғашқы кезеңінде-ақ түркілердің өз жазуы өмірге келді. Бұл жазу көне түркі тайпаларына, яғни ру символдарына ұқсас келіп, геометриялық пішіндегі 38 таңбаны құрады. Ең бастысы, бұл жазу түркі тілдерінің фонетикалық ерекшеліктерін айна-қатесіз, дәл жеткізуге мүмкіндік берді. Осы көне түркі жазуы бертін келе тіл тарихында «Руна жазуы» деп аталып кетті. Скандинавия халықтарының тілінде «рунь» деген сөз «құпия, яғни «сыры ашылмаған» деген ұғымды білдіреді. Өйткені XVIII ғасырдың 20-жылдарында Орхон-Енисей өзендері аңғарынан табылған көне түркі жазуын көпке дейін ешкім оқи алмады. Бұл жазудың сырын 1893 жылы Дания ғалымы В.Томсен ашты. 

Орыс ғалымы Н.М.Ядринцев Солтүстік Моңғолиядағы Орхон және Селенга өзендерінің бойынан осындай руна жазулары бар үлкен-үлкен екі құлпытасты тапты. Кейін осы ескерткіштің біреуі Түркі қағанаты дәуіріндегі Білге қағанға, екіншісі оның інісі қолбасшы Күлтегінге қойылғаны белгілі болды. Міне осы ескеркіштер ертедегі Қазақстан жерін мекендеген ру-тайпалардың көне түркі тілінде сөйлегенін, олардың әліпбилік жазуы болғанын дәлелдейді.  

Қазақстан жеріндегі Талас алқабынан 1932 жылы руна жазуы бар алатаяқ табылды. Оның төрт қырында да көне түркі алфавитімен жазылған жазу бар. Бұл алатаяқ шыршадан жасалған. Оның құндылығы да осында. Алатаяқ қазір Санкт-Петербургтегі мемлекеттік Эрмитажда сақтаулы. Орхон-Енисей ескерткіштеріндегідей таңбалары бар тастар Әулиеата түбінен, Талдықорған өңірінен, Сарыарқадан және Алматы маңынан табылған.  

Сонымен, ежелгі түркі елі ұлан-ғайыр аумақта өмір сүріп, өзіне лайық жазуын, тілін, өзге де мәдениетін дамытқан. (236 сөз) 

«Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан» энциклопедиясынан

 

Оқылым тапсырмасы. Тұжырымдарды мәтін бойынша сәйкестендіріңіз.

 

Тұжырым

Тұжырым

Сәйкестендіру

1. Талас алқабынан табылған жәдігер

А) Руна жазуы

1-

2. Құпия

В) Дат ғалымы

2-

3. Көне түркі жазуларын бірінші болып оқу

С) Ресейдегі Эрмитажда сақтаулы тұр.

3-