Түркістандық зияткерлер республикалық зымыран құрастыру турнирінде жүлделі үшінші орын иеленді
Еліміздің түкпір-түкпірінен зымыран құрастырудан ең үздік инженерлерді бір арнаға жинаған QazAstroShift ракета ғылымы бойынша ірі турнирде түркістандық зияткерлер топ жарып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Түркістандағы NIS атынан қатысқан жас инженерлер – Алпамыс Сартай, Нұрсәулет Жеңсікбаев, Диас Асылбек 4 ай бойы ең мықты зымыран құрастырып, жарыстың финалында өз ракеталарын ұшырды. Команданың ғылыми жетекшісі ретінде мектептің физика пәні мұғалімі Ғалым Худайберген болды. Өз кезегінде зияткерлер финалдық бәсекеде зымыранды ұшырған кездегі әсерлерінде жасырмады:
— Бірлесе жасалған жұмыстың арқасында финалда үздік нәтиже көрсетуде тынбай дайындалдық. Командада әрқайсымыздың өз позициямыз бар. Алпамыс зымыранның 3D моделі мен дизайнын жасады, Диас борттық компьютер құрастырды, Нұрсәулет сызбалар жасап, зымыранның өзін құрастырды. 4 ай бойы құрастырған ракетаны алғаш ұшырған кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес және сәтті ұшырылған сайын көзіміздегі жалын одан сайын лаулап тұрды, дейді Диас Асылбек.
— Біз финалдың өзінде салауатты бәсекелестіктің болғанына таң қалдық, қарсылас болғанымызға қарамастан, командалар бір-біріне көмектесіп, өзара пікір алмастық. Сондай ақ ұйымдастырушылар қатарында NIS түлектері болды, олар өз кезегінде атақты демеушілерді жинап, тіпті Білім және ғылым министрі Саясат Нұрбекпен байланыса алды. Министрдің өзі ашылу салтанатында бізге атақты әлемді өзгерткен ғалым, физик Роберт Оппенгеймердің жайлы мотивациялық сөз сөйлеуде «Оппенгеймер» фильмінің ең қымбат жарнамасын естідік, деді команда капитаны Алпамыс Сартай жарыстан алған әсерімен бөлісіп.
Республика бойынша 122 команда қатысқан турнирге көрші Қырғыстан Республикасынанда команда жасақталып, жарыстың төрт кезеңінен сүрінбей өткен 10 үздік жоба финалда ұсынылды. Финалдық бәсекеде жас инженерлер өз зымырандарын ұшыру үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық ғарыш орталығында жиналды.
Турнирде үздік нәтиже көрсетіп, үшінші орынды иеленген түркістандық зияткерлерден құралған «NIS Proxima Centauri» командасы бағалы сыйлық IPad ұтып алды.