«Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы сәтті аяқталды

Түркістандағы NIS-те өлкеміздің тарихи құндылықтарын дәріптейтін айрықша жоба «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы сәтті аяқталды.
Зерттеу сапарының бесінші күнінде оқушылар қаладағы ауыз-су және суландыруға арналған су сорғыларын жөндейтін «Туркестан Насос» ЖШС кәсіпорнының жұмыс барысымен танысты. Су сорғыларының қайта қалпына келтіру, жөндеу, ауыстыру жұмыстары жүргізілетін аталған кәсіпорын үш облысты қамтиды. Экспедицияның келесі нысаны ретінде жас зерттеушілер «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына енетін Республикалық маңызы бар, Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 55 шақырым жерде орналасқан киелі Үкаша ата кесенісін аралады.
Ескерткіш діни-рухани құрылыс ретінде де, зиярат ету орталығы ретінде де танымал. 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» жобасы бойынша Үкаша ата кесенесі діни және ғибадат орын ретінде киелі ескерткіштер тізіміне енгізілген. Сондай-ақ кесенеге жыл сайын зиярат етушілер көрші елдерден, атап айтсақ Өзбекстан, Қырғызстан, Кавказ елінен және басқа да аймақтардан үздіксіз зиярат етуге келеді.
Өлкетанулық саяхаттың соңғы күні түркістандық зияткерлер қаладағы «Жібек» қой жүнінен қолмен тоқыма тоқитын кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып, тың деректер жинады. Аталған кәсіпорын 2013 жылы Кентау қаласында ресми түрде жұмыс жасап, қазіргі таңда орталықтары Түркістан қаласында орналасқан. Сонымен қатар, қазіргі таңда қол кілемдерін тоқудан қаладағы жетекші өндіріс орындарының бірі ретінде саналады.
Бір аптаға созылған өлкетанулық саяхат барысында оқушылар Түркістан облысының таңғажайып табиғаты мен табиғи ресурстарына бай өлкелерге саяхат жасап қана қоймай, өңірдегі отандық өнімдер шығаратын жетекші кәсіпорындарды аралады.
Бұл экспедиция жас зерттеушілерге туған елге деген патриоттық рухты сыйлап қана қоймай, кәсіпорындарға сапар шегіп, отандық өнімдерді қолдауда айтарлықтай септігін тигізді.
Показать перевод