Экспедицияның төртінші күнінде зияткерлер еліміздің Батыс Тянь-Шаньдағы Талас Алатауы жотасының батыс жақ бөлігінде орналасқан табиғи ресурстар мен флора, фаунаға бай ең көне қорық – Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының табиғатын тамашалады.
Ақсу – Жабағылы – жер бетінен жоғалып бара жатқан немесе өте сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі топтастырылған қорық. Мұнда арқар мен тауешкі , бұғы мен елік, сілеусін мен қар қабыланы , қасқыр мен түлкі , аю мен жайра , сусар мен ақ тышқан тағы аңдар бар. Қазақстандағы ең көне және ең танымал бұл қорық 1926 жылғы 14 шілдеде құрылған, Орталық Азияда ЮНЕСКО-ның биосфералық қорық мәртебесіне ие болған бірінші қорық болып табылады. Теңіз деңгейінен 1000-нан 4280 метрге дейінгі биіктікте, Батыс Тянь-Шань тауларының сілемдерінде орналасқан және 350 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Отандық туризмге мейлінше үлес қоса алатын аталмыш қорық, Қазақстанның ғажап табиғаты мен алып тауларын, сирек кездесетін аң-құсын бауырына басқан көрікті мекен.
Жас зерттеушілер қорық мұражайында қорықтың космостан түсірілген макетімен танысып, ондағы жануарлар мен жәндіктердің шынайы кейіптерін бейнелейтін экспонаттарын көріп, ерекше әсер алды.
Сонымен қатар зияткерлер Түркістан облысының жетекші кәсіпорындарының бірі — «Dala Fruit» компаниясының өндіріс орнымен танысты. «Dala Fruit» компаниясы өсіретін алманың 5 түрлі сұрпы – айдаред, голден, фуджи, гренни, джонаголд түрлері туралы ақпарат алып қана қоймай, мамандық таңдауға арналған кеңестер тыңдады. Отандық жемістер шығаратын өндіріс орны заманауи технологияларды қолдана отырып, алма өсіру, сақтау, өңдеу және сатумен айналысады. Қарасу ауылдық округінің экологиялық таза аумағындағы 135 га жерде бір миллион бір жүз мың ағаш отырғызылған.
Жылдан жылға көбейіп келе жатқан өнім меншікті қоймада сақталады. 15 тоннаға дейін алманы бір жыл бойы сақтауға болатын қойма оқушылардың ерекше назар аударған аумаққа айналды. Айта кетейік, Қазақстан бойынша тек осы компанияда осындай ауқымды қоймалар бар.
Зерттеу экспедициясының келесі нысаны ретінде зияткерлер Шымкент қаласында орналасқан «Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағына» барды. Зообақ 1980 жылы 19 сәуір күні ашылды. Алғашқы кезде коллекцияда 75 аңның түрі, 350 данасы болды. Зообақ ашылғаннан бастап жануарлар коллекциясы көбейе түсті.
Қазіргі таңда хайуанаттар бағының коллекциясында 194 түр жан-жануарлардың 2002 басы бар. Зообақ маманының сөзінше жыл сайын теңбіл бұғылар арқарлар, понилар, еуропалық кербұғылар, қырғауылдар, үйректер, жолбарысты питондар, арыстандар және тағы да басқадай жануарлардың түрлері көбеюде. Оқушылар өз кезегінде хайуанаттар бағын аралап қана қоймай, танымдық саяхаттың куәсі болды.