🎼«Домбыра аспабының артиндустриядағы дамуы»
Бүгін Түркістан қаласындағы ХББ НЗМ-де «Қазақтың 100 күйі» жобасы аясында халқымыздың асыл мұрасы қасиетті домбыра аспабын дәріптеу мақсатында «Домбыра аспабының артиндустриадағы дамуы» атты домбыра сабағы өткізілді.
Айта кетейік аталмыш шара барлық Зияткерлік мектептерде желілік түрде өткізіліп отыр.
Қазақ халқының мәдениетінде өзіндік орны бар домбыраның шығу тарихынан бастап, және XVIII-XIX ғасырдағы домбыраның даму тарихы мен өткен ғасырдың алғашқы жарты жылдығында домбыра тарихындағы елеулі өзгерістерге дейін қамтыған ашық сабақта оқушылар тың ақпараттармен таныс болды.
Зияткерлік оқу ордамыздың «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі Ерасыл Қауымбаев өз кезегінде өткен ғасырдағы күйшілер мен дәстүрлі әншілерді бір тізбекке бөліп қарастырып, Кеңес өкіметі кезінде артиндустриядағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық академиялық халық аспаптар оркестрінің құрылуы жөнінде толық баяндап берді.
Зияткер оқушыларымыз өз кезегінде заманауи әндерді орындауда домбыра аспабын қаншалықты дұрыс қолдануға болады және де электродомбыра мен қарапайым домбыраны қолданудағы басты айырмашылықтар туралы және ұлттық аспапқа байланысты қызықты сұрақтар қойып, кері байланыс орнатты.
Сабақ соңында «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі мен үйірмеге қатысушы оқушылар сахна алдында Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлете орындап, ерекше патриоттық рух сыйлай білді.
Аталмыш шара, зияткер оқушыларымыз үшін өз мәдениетіміздің тарихы мен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда айрықша мәнге ие.
Домбыра сабағының толық нұсқасын мектебіміздің ресми ютуб парақшасынан көре аласыздар:
https://youtu.be/0ki97ckxQzo