🌱 Түркістан өңірінің мектеп басшылары үшін заманауи мектепті басқару командалық іскерлікті талап етеді
Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде облыс мектептерінің жүзден астам директорлары мен орынбасарларына Шымкент қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалы «Заманауи мектепті басқару» компьютерлік оқыту симуляторын таныстырды. Айта кетейік, симулятор NIS Педагогикалық шеберлік орталығымен және EdCrunch академиясымен серіктестікте жасалған.
Басқосудың алғашқы күнінде Түркістан қаласына қарасты 34 мектептің директор және орынбасарларымен қатар, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, Алматы қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының басшысы Берік Асубаев қатысып, алғысөз сөйледі.
— Заманауи мектепті басқаруда қандай мақсат-міндеттерді орындамастан бұрын командалық жұмыс маңызды рөл атқарады. Компьютерлік оқыту симуляторы басты мақсаты командалық іскерлікпен виртуалды мектепті құру болып отыр. Сондай-ақ оқыту симуляторы жан басынан қаржыландыру жүйесіндегі мектептері үшін де тиімді. Яғни мектепті құруда берілген қаржыны тиімді пайдалану жолдарын меңгереді, алдағы 5 жылға стратегия құрып, нәтижелі жұмыстар атқарады дейді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова.
Аталған симулятор мектеп директорлары мен орынбасарларына виртуалды мектептің моделін құрып, дамыту стратегиясын әзірлеу, басқарушылық шешімдер қабылдау, басымдықтарды анықтау, жоспарлау секілді кәсіби менеджерлік дағдыларды дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, симулятордың бірінші күні қалалық мектеп директорлары мен орынбасарларынан құралған 34 команда, ал екінші күні облысқа қарасты барлық қала және аудандардан 49 мектептен командалар жиналып, мектепті басқарудағы 9 аспектіні 150 параметр бойынша 1500-ге жуық шешім қабылдап, заманауи виртуалды оқу ордасын құруға мүмкіндік алды.
— Оқыту симуляторы барысында командамен бірге педагогикалық және қамқоршылық кеңесте қаралмай жүрген мәселер мен шешу жолдарын қарастыруда оқу процесін жақсартуға түрлі шешімдер талқыладық. Сұранысқа ие заманауи мектепті басқаруда әлеуметтік орталардың сұраныстарына сәйкес жоспарларды құру кезінде командалық жұмыс жасау маңызды. Берілген 5 аспекті бойынша бағалауда рейтинг бойынша бірінші орынға шығып, бірлесіп жұмыс жасаудың арқасында мектептің даму стратегиясын жүйелі жоспарлауға толық мүмкіндіктер алдық, дейді Отырар ауданы, Көксарай елді мекеніне қарасты М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Айнұр Сыздықәлі Әбдуғаппарқызы.