🌱 «Берік отбасы» жобасы өз жұмысын қайта бастады
Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ауқымды жобалардың бірі «Берік отбасы» жобасы Түркістандағы NIS-те бастау алды. 35-тен астам елде өз тиімділігін дәлелдеген «Берік отбасы» халықаралық жобасы 2018 жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүзеге асырылуда.
Жоба мақсаты – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтарға – отбасы құндылығын сақтауға, ата-аналарға/қамқоршыларға балаларына қолдау көрсете білуді, күн тәртібін бұзбай, бала тәрбиесімен айналысуға икемдеуді, сонымен қатар балалардың болашаққа деген сенімін арттырып, олардың ата-анасымен жақсы қарым-қатынас орнатуына жол ашу, жасөспірімдерді күйзеліспен күресуге және құрдастары тарапынан болатын қысымды жеңіп шығуға тәрбиелейді.
Бағдарламаның негізгі басты кейіпкерлері Зияткерлік мектептің жаңа мүшелері 7-сынып оқушылары және олардың ата-аналары. Жеті бөлімнен тұратын жобаның алғашқы бөлімі «Махаббат пен шектеу» тақырыбында жүргізілді.
Бірінші бөлімнің алғашқы сағатында ата-аналар мен оқушылар бөлек кабинеттерде орналасып тренер фасилитаторлармен бірге бағдарламаның мазмұнымен танысып, тапсырмалар орындады. Ата-аналармен жұмыс жасауда тренер ретінде мектеп психологы Жанна Арынбаева Маратқызы мен фасилитатор ретінде педагог-куратор Іңкәр Болатова жобаның мазмұны және әдіс-тәсілдерімен таныстырды. Ал оқушыларға тренер болған жатақхана меңгерушісі Гүлхан Абдукаримқызы мен фасилитатор Алима Үсенқызы бағдарламаның алғашқы бөліміндегі негізгі тақырыптар жайлы жалпылама сипаттама беріп, пікірталастар өткізіп, сергітетін ойындар ойнатып, арнайы жаттығуларды орындатты.
Ал екінші бөлім «Отбасы құндылықтары және тәртіп», «Ата-анаға деген құрмет және махаббат» тақырыптарына арналды.
Ата-аналар жиналған сессияда педагог-психолог Жанна Арынбаева тренингтің бірінші бөлімінен кейінгі бір аптада қандай өзгерістер орын алды, балаңызға шектеу қоюда қандай әдістер мен ережелер қолдандыңыз, оған деген махаббатыңызды қалай көрсетесіз осы сынды сұрақтар қойып, кері байланыс орнатты.
Ойын соңында ата-аналар мен оқушылар бір топта жиналып отбасы мұшелерінің мықты тұстарын ағаштың әр жапырағына жазуда өз отбасыларының ағашын өсірді.