Түркістандағы NIS-те ұстаздар мерекесі қарсаңында оқушылар мектеп мұғалімдеріне құрмет көрсетті. Зияткерлер ұстаздарды құттықтауда сап түзеп, мерекелік таңғы жиын ерекше көңіл-күймен басталды. Айтулы мереке аясында мектеп фойесінде арнайы безендерулер мен мұғалімдерге арналған құттықтаулар ілініп ерекше көрік сыйлады.
Мектептің өзін-өзі басқару ұйымының құттықтауымен басталған таңғы лездемеде директор Балқан Касимов алғысөз сөйлеп, барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады:
Өскелең ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып, білім нәрін сусындатуда ұстаздың алар орны әрқашанда биік. Себебі ұстаздар қауымы ел ертеңі мен өркендеуі үшін аянбай еңбек ететін тұлғалар. Осы тұста баршамызға қызмет жолында шаршамай, шабыт алып еңбегіміз еселене берсін дегім келеді. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
Шара соңында қыркүйек айы қорытындысы бойынша түрлі жобалар мен іс-шараларға белсене қатысқан және жүлделі орын алған ұстаздар мен оқушылар марапатталды.