🌱Түркістандық зияткерлердің тың жобасы авторлық куәлікке ие болды
Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасаған тың жоба Сығанақ қаласының тарихын қайта жандардырды.
Қазақ даласының ұлттық пантеоны болған Сығанақ қаласының тарихын зерттеп, ежелгі шаһардың 3D моделін жасаған жоба авторлары 8 сынып оқушысы Одина Турсункулова мен 9 сынып оқушысы Нұргүл Жарылқаптың «Ортағасырлық Сығанақ қаласының Ұлы Жібек жолындағы маңызы» атты ғылыми жобасы авторлық куәлікке ие болды. Жоба жетекшілері тарих пәнінің мұғалімі Бақытжан Дүкенбай, география пәнінің мұғалімі Серік Жолдасов, математика пәнінің мұғалімі Эльдар Абдушукуров ғылыми туындыны зерттеудегі басты мақсат Сығанақ қаласының тарихи маңызын қазіргі жастар мен келешек ұрпаққа айшықтап жеткізу дейді.
-Қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан көптеген қалалар бар соларды жаңғырту мақсатында біз Сығанақ қаласын таңдадық. Дешті-Қыпшақтың бірден-бір порты болған тарихи маңызы бар қала болғандықтан ғылыми деректер тым аз. Осы тұста біз ежелгі Сығанақ қаласының тарихи маңызын түсіндіруде зерттеу ауқымын кеңейтіп, тек жазбаша деректермен ғана емес, 3D моделін жасап виртуалды нұсқасын әсіресе жастарға өнеге етіп көрсету біздің басты мақсатымыз болды! – дейді Нұргүл Жарылқап.
Жоба авторларының айтуынша ғылыми туындыны толық зерттеуге 1 жылдан аса уақыт жұмсалған. Сонымен қатар, зерттеуде пайдаланылған әдебиеттер атап айтсақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Сиздиков Багдаулет Сапарбайұлы, Жетібаев Көпжасар Мұстафаұлы, Гурсой Музаффер, Мургабаев Сагынбай Серикбайұлы – XVIII-XIХ ғасырлардағы тұрғын үй құрылымы (Ортағасырлық Сығанақ қаласы негізінде) еңбегі, парсы тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбиханның «Михман-наме-ибухара» және жапон тарихшысы Хироюки Нагаминэнің «Сыгнак как порт Дашт-и Кыпчака и город-мавзолей: Период от правления левого крыла джучидов до основания Казахского ханства» еңбектерінде берілген деректерге сүйене отырып жазғандарын айтады.
Қаланың 3D моделін ойластыру идеясының мақсаты мектептің математика пәнінің мұғалімі, Эльдар Абдушукуровтың айтуы бойынша сандық технологиялар арқылы тарихи оқиғаларды қамтыған ежелгі шаһардың өміршеңдігін көрсету дейді.
Сонымен қатар, пән мұғалімі мектепте «3D модельдеу» және «Sketch-Up» үйірмесінің жетекшісі, оқушыларға берілген ғимараттардың 3D макетін жасауды үйретеді, жоба авторы Одина Турсункулова да аталған үйірменің белсенді қатысушысы.
-Жалпы қаланың макетін жасауға 1 ай уақыт жұмсалды. Модельді құрастыруда қаланың қаңқасы мен қорғандарын жасауға 2 апта уақыт кетті. Оған себеп әрбір бөлшегін ғылыми зерттеуде берілген деректерге сүйене отырып, жетекшілеріммен бірге ақылдаса Сығанақ қаласының толық макетін, виртуалды нұсқасын жасап шықтық, дейді 8 сынып оқушысы Одина Турсункулова.
Жобаға жетекшілік еткен тарих пәнінің мұғалімі Бақытжан Әбенұлы бұл қаланы зерттеуді қолға алудағы қызығушылық Ақ Орда тарихынан басталғанын жеткізді. Зерттеу кезінде шаһар Дешті-Қыпшақ даласына да түркі жұртына да маңызды саяси орталық екенін анықтаған. Онымен қоса, қаланың географиялық орны тарих беттерінде саяси орталық екенін айқындап көрсетіп тұр дейді. Өз сөзінде, зерттеу барысында айтылмаған ньюанстар көп, қазақ даласының бас қаласы болған шаһар маңында тарихи тұлғалар оның ішінде қазақ хандары жерленгені туралы мәлімет бар, бірақ әлі нақты ақпарат болмаған соң қазіргі таңда археологиялық қазба жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқанын атап өтті. Зерттеу кезінде Бақытжан Әбенұлы, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде ғалымдар келтірген дерек бойынша Ақ Орда кезінде өмір сүрген «Шайбаниттер әулетінің» жатқан жері қала маңында орналасқан «Көк Кесенеден» табылған деген тың ақпаратпен танысқандығын айтты.
-Түркістан туризм орталығы болғандықтан, қала маңында көптеген тарихи нысандар орналасқан. Атап айтсақ, Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары қазақ даласы үшін географиялық маңызы бар орталық болған. Өңір тарихи жәдігерлерге толы мекен болғандықтан, археологиялық қазба жұмыстарынан бастап, қаншама ғасыр бойы тарих қойнауында жатқан сырларды ашу мақсатында зерттеу жұмыстары көп жүргізіледі. Дегенменде, Сығанақ қаласы аз зерттеліп жатқан тарихи нысан болған соң оқушылармен бірге зерттеу жұмысын осы мекенге арнадық. Онымен қоса, ежелгі шаһардың 3D макетін жасап, виртуалды нұсқасын жасауда қаланың тарихын қайта жандандырдық. Алдағы уақытта шаһардың өңірдегі тарихи маңызы бар туризм нысанындардың біріне айналдыруда аталған макет көп септигін тигізеді! – дейді география пәнінің мұғалімі Серік Сағатұлы.
Жоба жетекшілері мен авторлары ғылыми туындыны толық зерттеу бұнымен тоқтап қалмақ емес, алдағы уақытта тың деректермен танысуда жобаны жандардыра береміз дейді. Сонымен қатар келешекте республикалық деңгейде өткізілетін ғылыми конференцияларға жобаны ұсыну жоспарда бар екенін атап өтті.