🌱Түркия мемлекетінің астанасы Анкара қаласының губернаторы Васип Шахин Зияткерлік мектебімізде қонақта
Бүгін Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласының губернаторы Васип Шахин келіп, зияткерлік оқу ордасымен танысты.
Айта кетейік, бауырлас елдің бас қаласынан келген губернатор Васип Шахин Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бас қосып, шаһардағы жаңадан салынған ғимараттар және қала тынысымен танысып, бүгінде рухани астанада бой көтерген Зияткерлік білім ошағын аралады.
Мектеппен танысуда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі Женгиз Томар және бірнеше өкілдер қатысты. Мәртебелі меймандар ең алдымен мектеп фойесінде орнатылған көрмеде оқушылар жасаған қолөнер бұйымдарымен танысты. Сондай-ақ, мектеп директоры Балқан Маратұлы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің миссиясынан бастап түсіндіріп, кампус тур тізгінін өзі жүргізді.
Басқосуда қонақтар химия-биология блогы мен арнайы зертханадағы зерттеу жұмыстарымен оның ішінде жергілікті жерде өсетін ағаштардың фотосинтез, яғни тыныс алу және траспирация, процесін зерттеп, Түркістан облысын көгалдандыру бойынша ең тиімді өсімдік пен оны отырғызу әдісімен танысып, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталмыш зерттеу жұмысына оң бағасын берді.
Ғылыми жобаларды таныстыруда жер сілкінісіне төзімді ғимаратты анықтау жобасы келген қонақтардың ерекше назарына түсті. Кез келген жер сілкінісіне төтеп бере алатын құрылысты анықтаудағы жобаның мақсаты геофизика сырын ашу болып табылады.
Еске сала кетейік, «Наурыз кездесулері» республикалық ғылыми жобалар байқауында аталмыш жоба бойынша «Жер сілкінісіне ең төзімді ғимарат» атты жарыс ұйымдастырылып, еліміздің жас өнертапқыштары өзара бақ сынасқан болатын.
Басқосу соңында бауырлас елден келген қонақтар Түркістандағы NIS-тің үздік жобаларымен танысып, үйірме жұмыстарына жоғары баға берді.