NIS-тің дәстүрлі тамыз конференциясы заманауи педагогиканың стратегиялық басымдықтарын ауқымды талдаудан басталды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әлемдік білім беру трендтері аясында білім беру ортасы қатысушыларының өзара әрекеттесуінің тұжырымдамалық бағыттары мен алгоритмдерін ұсынды. Бүгінгі күннің басты тақырыбы пленарлық отырыста тыңдалған тағы екі баяндамадан қолдау тапты: Білім беру бағдарламалары орталығының бөлім басшысы Самат Қалменов – «Оқу бағдарламасындағы құндылықтарды жүзеге асыру: айқын және жасырын», Педагогикалық өлшемдер орталығының директоры Лейла Тұрсынова – «Деректерді талдау: сандар не дейді және нені ескертеді».
Тақырыптық алаң Зияткерлік мектептердің жаңа оқу жылындағы білім беру қызметіне арналды. Педагогикалық өлшемдер орталығы директорының орынбасарлары Согдиана Чукурова мен Бауыржан Есенгельдиновтың баяндамаларында NIS-Programme-ды жүзеге асыру мониторингі нәтижелері бойынша нұсқаулық-әдістемелік ұсыныстар беріліп, сыртқы бағалау жоспарлары пен нәтижелері туралы сөз қозғалды.
Зияткерлік мектептерді халықаралық аккредиттеудің екінші кезең ерекшеліктеріне Білім беру сапасын бағалау және халықаралық аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Данара Әбілденова талдау жасады. Зияткерлік мектептерді дамыту департаменті директорының орынбасары Данияр Теміртасов бейімделген белсенді оқытудың артықшылықтары мен оны оқу үдерісіне эксперименттік енгізу бойынша егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ, Білім беру бағдарламалары орталығының бөлім басшысы Марат Тұрашев сұранысқа ие танымал NIS Lab және NIS Online платформаларын таныстырды.
Конференцияның бірінші күнінде психологтар, кураторлар, тәрбиешілер мен мұғалімдерге арналған үш практикалық алаң жұмыс істейді деп жоспарлануда. Дәстүрлі түрде «Үздік тәжірибелер панорамасы» онлайн көрмесінде NIS мұғалімдерінің үздік кәсіби кейстері көрсетіледі.
22-23 тамыз аралығында NIS педагогтары вебинарлар, мастер-кластар мен презентацияларды онлайн форматта өткізеді.