lOGO-NIS-TURKISTAN5-993x1024 (1)

🌱«Ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ»

Бүгін Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ» атты 25 мамыр соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиын өтті.

Бұл салтанатты іс-шара Түркістандағы NIS-тің 2021-2022 оқу жылын сәтті аяқтаған алғашқы соңғы қоңырау болып отыр.

Шараға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, мектебіміздің қамқоршылық кеңесінің мүшелері, ата-ана, Жандос Шайдулла, Созақбай Исаұлы мен ата-аналар құрметті қонақ ретінде келіп, соңғы қоңырауға арналған мәдени шараны тамашалады.

Салтанатты жиын мектеп ауласында әнұран орындаудан бастау алып, зияткер оқушыларымыз ұлттық би билеп, Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлете орындап, көрермен ықыласына бөленді.

Зияткерлік мектебімізде «Қазақтың 100 күйі», «Қазақтың 100 әні», «100 кітап», «Қоғамға қызмет» жобалары бойынша және «Radio club», «Karaoke club», «Visual club», «Guide club», «Robot club», «Wikipedia club» үйірмелері қарқынды жұмыс жасайды. Айта кетейік, мектеп ашылған сәттен бастап зияткерлер аталмыш үйірмелер мен жобалар бойынша өз біліктіліктері мен қабілеттерін шыңдап, жан-жақты даму үстінде.

Жиында мектеп директоры Балқан Маратұлы алғысөз сөйлеп, облыс орталығында мектептің іргетасы қаланған сәттен бастап, Зияткерлік мектептің ашылуы Түркістан жұртшылығы үшін білім деңгейін жоғарылатуда оң бетбұрыс әкелгенін атап өтті.

Сонымен қатар, шара қонақтарына да сөз кезегі беріліп, ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова өз сөзінде түркі елдерінің астанасы атанған рухани шаһарда Зияткерлік мектептің ашылуы облыстың білім әлеуетін арттыруда жаңа серпін мен оң өзгеріс болғанын айтты.

Өз сөзінде, Балқан Касимов мектеп ашылған сәттен бастап осы күнге дейінгі атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоғарыда аталған жобалар мен үйірме жұмыстары бойынша жыл белсенділері мен жыл үздіктерін арнайы номинациялар бойынша марапаттады.

Тек қана оқушылар ғана емес, мектеп мұғалімдері өз кезегінде зияткер ұрпақ тәрбиелеуде еткен ерен еңбегі үшін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қалқаманов Сәкен Амангелдіұлы атынан арнайы алғыс хатпен марапатталды. Сондай ақ, мектеп дамуына өз үлесін қосқан ата-аналарда «Мектеп жанашыры» номинациясымен арнайы марапат алып, құрмет қошеметке бөленді.


Салтанатты жиын соңында түркістандық зияткерлер үшін 2021-2022 оқу жылын сәтті аяқтаған, жаңа оқу жылына нық қадаммен дәстүрлі түрде соңғы қоңырау соғылды.