Даналық бейсенбіде қонақта «Bilim Media Group» компаниясының басшысы Рауан Кенжеханұлы
Жаңа оқу жылында «Даналық бейсенбі» жобасының алғашқы қонағы болып «WikiBilim» қоғамдық қорының негізін салушы және басшысы, электрондық білім беру саласындағы сұранысқа ие «Bilim Media Group» компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы келді.
Жалпы бұл шара Зияткерлік мектеп ұжымы үшін маңызды басқосу болып қана қоймай, жиынға №28 IT мектеп лицейінің мұғалімдері де қатысып, жарқын кездесудің куәсі болды.
Рауан Кенжеханұлы белгілі қоғам қайраткері, Уикипедия қауымдастығын қазақ тілінде дамытуға және ілгерілетуде өз үлесін қосып жүрген тұлға ретінде танымал.
«Bilim Media Group» басшысы ретінде білім сапасын арттыру, баршаға қолжетімді білім беру басты миссиямыз деп отыр.
Рауан Кенжехнұлы өз сөзінде, BMG (Bilim Media Group) өнімі ретінде Bilim Land платформасы оңтүстік өңірінің білім саласының деңгейін арттыруда қолжетімді әрі тегін ресурс тарататынын жеткізді. Түркістан облысының ұстаздары ендігі оқыту жүйесінде Bilim Land платформасының сабақтарын оқу процесінде пайдалана алады. Бұл өңірдегі мұғалімдер үшін қолайлы әрі пайдалы ресурс болып отыр.
«Галстуксыз кездесу» барысында жоба қонағымен еркін форматта сұхбат жүргізілді. Басқосуда қоғам қайраткеріне ұстаздар педагогикалық кәсіби шеберлікті арттыру және өзге де тақырыптар төңірегінде сұрақтар қойып, кері байланыс орнатты.
Кездесу соңында Рауан Кенжеханұлы жас ұстаздарға оқушы үшін ұстаздың алар орны әрқашанда биік болу керек деп бағыт берді:
Мұғалім – оқушы үшін маңызды адам. Оқушы ұстазға қарап бой түзейді. Педагог барлық бағытта мықты болу керек. Оқушы үшін шабыт беруші, өз пәні бойынша білгір маман әрі тұлға ретінде де, жан-жақты дамып отыру қажет, – деп ұстаз үшін әрқашан үйренудің, кәсіби шеберліктің жоғары болуы әрқашан маңызды екенін жеткізді.