Бағдарлау апталығының екінші күнінде оқушылар Steppe & World Publishing баспасының кітаптарымен танысты
Бағдарлау апталығының екінші күні «НЗМ-де оқыту қалай ұйымдастырылған? НЗМ-дегі бағалау» тақырыбында басталды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Әділханұлы оқушыларға оқытудағы бағалау жүйесімен таныстырды. Соның ішінде бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалаудың қалай алынатыны жөнінде түсіндірді.
Сонымен қатар, 7 сынып оқушылары «Хәрри Поттер» сериясы, «Чарли және шоколад фабрикасы», «Анна Франктың күнделігі» «Тентек балақайдың күнделігі», «Груффало», тағы басқа әлем жауһарларын алғаш рет қазақ тілінде сөйлеткен Steppe & World Publishing баспасының кітаптарымен танысты.
Баспа үйінен менеджер үйлестіруші Самал Бағашар арнайы қонақ болып, жас зияткерлермен жарқын кездесу өткізді. Басқосу барысында Steppe & World Publishing баспасының мектеп кітапханасында бар кітаптардан арнайы көрме қойылып, оқушылар назарына ұсынылды.
Кездесуде баспа үйінің құрылуынан бастап қызметі, аударма ісі жайлы сөз қозғалды. Менеджер үйлестіруші Самал Бағашар қазіргі жас өскіндер арасында әлем әдебиетін қазақша аудармада оқитын оқырмандар қатарының аз екенін алға тартты. Осы тұрғыда бүгінгі кездесу аударма кітаптарды дәріптеуде оқушылардың әлем әдебиеттерінен қазақ тіліне аударылған кітаптарды оқуға деген қызығушылықтарын оятады деген сенімде.
Кездесу барысында Самал Бағашар аудармадағы кейіпкерлер мен кітаптағы оқиға желісін баяндауда арнайы ойын ойнатып, оқушыларға баспа үйінің кітаптары мен атақты кейіпкерлер бейнеленген стикерлерді сыйға тартты. Басқосу соңында мектеп директоры Балқан Маратұлы сөз сөйлеп, бүгінде қазақ тілі контентінің дамуына өз үлесін қосып жүрген Steppe & World Publishing баспа қызметіне өз алғысын білдіріп, естелік ретінде арнайы сыйлық сыйлады.