🌱Ақын Абай Қалшабектің алғашқы кітабының тұсаукесері Түркістандағы NIS-те өтті
Бүгін қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен «Даналық бейсенбі» жобасының аясында ақын, аудармашы, бауыржантанушы, ұстаз Абай Қалшабекпен кездесу өтті.
Кездесуде ақынның «Томаға тұйықпын» кітабының тұсауы кесілді. Бұл – ақынның тұңғыш кітабы. Мұнда ақынның жиырма жылдан бері әр түрлі жинақтарда, мерзімдік басылымдар мен әлеуметтік желілерде жарияланып келген өлеңдері мен аудармалары топтастырылған.
Шарада мұғалімдер мен оқушылар ақын шығармашылығынан үзінділер оқып, тыңдаушыларды әдебиет әлеміне әкете білді.
Ал 9-сынып оқушысы Уринбасарова Дария «Қазақша Уикипедия» ашық энциклопедиясына Абай Қалшабектің өмірі мен шығармашылығы туралы жаңа мақала жариялағанын көпшілікке көрсетті.
Шара соңында мектеп директоры Балкан Маратұлы құрметті қонаққа оқушылардың қолымен жасалған картинаны сыйға тартты. Абай Батырұлы өз кезегінде, бүгінгі шарада өлеңін жантебіреніспен оқыған оқушылар мен ұстаздарға, «Қазақша Уикипедия» үйірмесінің белсенділеріне ризашылығын білдірді.