Алғашқы тірек мектеп: Жаңартылған білім ордасы
Бүгін Түркістандағы NIS ұжымы басшылықпен бірге «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қолдауымен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасына енген Отырар ауданына қарасты Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатында болды.
Айта кетейік аталған жоба ауыл мектептерінің білім беру сапасын арттыруға, үздік педагогикалық тәжірибелермен бөлісуге және қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Түркістандағы NIS ұжымы жаңартылған білім ордасын толықтай аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты. Cондай-ақ, аталған басқосуға облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, «Beeline Kazakhstan» компаниясының ресми өкілі Анар Жұмағұлова мен Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Балкан Касимов, Aitas.kz холдингінің PR директоры Дінмұхамед Зиядин қатысты.
— Түркістан облысының білім сапасын көтерген жағдайда, жалпы Қазақстанның білім сапасы одан да биікке көтерілмек. Осы бастама тұрғысында Назарбаев Зияткерлік мектебі контентпен бөлісуі – біз үшін өте маңызды. Себебі, кез-келген жабдықты орнатуға болады, бірақ жалпы бірге жұмыс істеу, балаларға бағыт-бағдар беру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, директорларға осы мектептерді басқарудың жаңа тетіктерін үйрету сияқты шаралар пысықталады. Өңірімізде дәл осындай тірек мектептерінің қатары көбейе бермек. Бұл алғашқысы. Ары қарай да бізге қолдау білдірген серіктестермен іскерлік қатынастарымыз нығая түспек», — деді Дінислам Болатханұлы.
Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен жоба серіктесі Түркістан және Шымкент қалаларындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мамандарының тәжірибесімен оқу ордасындағы білім беру мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстар жүргізілді. Талдау нәтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірленіп, ұстаздарға қажетті біліктілік арттыру курстары өткізіліп жатыр. Мектептегі 129 мұғалімнің 81-і Түркістандағы NIS-ке арнайы барып оқып, ал 55-ке жуығы тағылымдамадан өткен.
Қазіргі таңда білім ұясында 18 кабинетке интерактивті LED панельдер орнатылған. Барлық сыныптарда мұғалім мен оқушылардың үстелдері мен орындықтары жаңартылды. Химия, биология, физика, география, екі IT кабинеттері қажетті құрылғыларымен толықтырылып, замануи үлгідегі стандарттармен жабдықталған. Бұдан бөлек, ұлдар және қыздар шеберханасы, кітапхана, STEM кабинеті, информатика, , орыс тілі мен ағылшын тілі сыныбы да толықтай күрделі жөндеуден өтті.
Сонымен қатар, ART студия ашылып, сурет алу, домбыра үйірмелері іске қосылған. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында шахмат, тоғызқұмалақтан қосымша спорттық секциялар құрылды.
Лицей директоры Әділхан Әріпханов атқарылған жұмыстарына тоқталып, Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен қолға алған іс-шараларды атап өтті. Мектеп директорының айтуынша, бұл серіктестік аймақтың білім деңгейін көтеріп, балалардың жоғары нәтижеге қол жеткізуіне септігін тигізеді. Өз кезегінде ол жоба серіктестері мен демеушілеріне оқушылар мен мұғалімдер атынан алғыс білдірді.
Айта кетейік, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернаты 1978 жылы қолданысқа берілген. Қазіргі таңда 1000-ға жуық оқушыға 100-ден аса мұғалім дәріс береді.