«Қазақ тілінің жаңа кеңістігі» атты қазақ тілі мен әдебиеті апталығы басталды
Түркітандағы NIS-те пән апталықтарынан алғашқы болып Қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің әдістемелік бірлестігі бастады.
Апталықтың алғашқы күнінде мектеп ұжымы мен оқушыларды мектеп фойесінде ұлттық тағамдар жайылған дастарханда таңғы шашумен қарсы алды. Сондай-ақ, қазақи нақышта көрініс тапқан, құрақ-көрпешелер жайылған киіз үй білім ордасының кіреберісіне ерекше көрік берді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуден басталған шара барысы мәжіліс залындағы таңғы лездемемен жалғасын тапты.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында қайраткердің өмір жолынан ұстаздар қауымы шағын қойылым қойды. Онымен қоса, зияткерлер апталық барысында өткізілетін іс-шараларды өлеңмен жеткізіп, белсене атсалысуға шақырды.