Зияткерлік оқу ордамызда «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының таныстырылымы өтті. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушылар қауымдастығы «Шаңырақ» жобасы негізінде ұйымдастырылған.
Жалпы жоба мақсаты — бірыңғай топтар құру арқылы оқушыларды ауызбіршілікке, біртұтастыққа бейімдеу, жоғары сынып пен төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, ынтымақтастық рух, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастыру.
«Шаңырақ» оқушылар қауымдастығына жас аралығы және оқыту тілі әртүрлі екі сынып біріктіріледі. Осы орайда мектепте 6 «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы құрылды.
Әр «Шаңырақтың» өз аты, белгілері және ұраны бар. Оқу жылы барысында «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы арасында алуан түрлі жарыстар мен сайыстар (спорттық, зияткерлік, мәдени) өтеді.
«Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының міндеттері:
Оқушыларды салауатты бәсекелестікке баулу;
Кішілерге үлкен топтардың басшылық етуі арқылы жоғары сынып оқушыларының бойында көшбасшылық қасиетін дамыту;
Бірлескен, біріккен, ұйымшыл командалар құру, бірігіп, бос уақыттарын тиімді өткізуді ұйымдастыру.
Сонымен қатар, шарада мектеп директоры Балқан Қасымов оқушыларға жаңа бастамаларда білімдерін шыңдауда сәттілік тіледі.
Онымен қоса, мектебіміздің педагог-кураторлары ұйымдастырған төменде аталған номинациялар бойынша оқушылар марапатталды.