«МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫМЫЗ»
Зияткерлік оқу ордамыздың ұйымдастыруымен «Ақжайық» музыка мектебінде «Мәңгілік елдің ұрпағымыз» атты есеп беру концерті өтті.
Мәдени шара басталмастан бұрын кеш қонақтары «Шеберлер ауылы» қол өнер алаңында зияткер оқушылардың өздері жасаған қолөнер бұйымдары мен көркемсуреттерімен танысып, сондай-ақ оқушылардың түрлі бағыттағы (ғылыми, эко, әлеуметтік, әдеби, анимация т.б) жобаларын көріп, «Kazakh Video Editor» , «Топырақтың жандануы рөліндегі тамақ қалдықтары», «Қазақ анимациясы», «Көркем шығарманы ықшамдап жазудың пайдасы», «Квадраттық функцияның көмегімен қолданбалы есептерді шығару», «Геометриялық фигуралардың анимациясы», «Photoshop», «Пайдалы нанның құпиясы», «Ертегілерге арналған субтитрлер», «Фибоначчи сандарының сәулет өнерінде қолданылуы» және тағыда басқа жобаларынан көрме қойылып, ерекше таңданыстарын жеткізді.
Шараның ашылу салтанаты ұлттық би билеуден бастау алып, үш тілде жүргізілді. Сонымен қатар, Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі «Қазақтың 100 күйі» жобасы аясында оқушылар ұлттық күйлерден күмбірлете күй тартып, мәдени шараның көркін қыздырды.
Атаулы шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы, сондай-ақ мектебіміздің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Жандос Шайдулла, Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Қайсарбайқызы, Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы мен ата-аналар, қамқоршылық кеңесінің мүшелері де қатысты.
Концерттік бағдарламада зияткерлер тек қана ән айтып, би билеп қана қоймай, «TedX-таратуға тұрарлық ойлар» жобасы бойынша сахнаға шығып, зияткерлік мектепке келгенге дейінгі Аружан мен 6 ай ішінде зияткер оқушы болған Аружанды сипаттауда көрермендерге жетістікке жетуде өз ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар, мектептің 6 айлық есебі көрсетілген бейнеролик және де оқушылар өздері дайындаған мектептің тыныс-тіршілігі туралы бейнероликтерде жұртшылық назарына ұсынылды.
Шара барысында мектеп директоры Балқан Маратұлы мектептегі үйірмелер мен арнайы клубтарға қатысқан белсенді оқушыларды арнайы төсбелгімен марапаттап, зияткер оқушыларға жетістікке жетуде ерекше шабыт сыйлады.
Сондай-ақ оқушылар өзге ұлттардың биін билеп, сахналық қойылымдар қойып, ата-аналарымен бірге ән шырқап, шара соңында мектептің әнұранын орындап көрермен қошеметіне бөленді.
Мәдени іс-шара соңында ата-аналар мен кеш қонақтары сахна төріне шығып, айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған мерекелік концертке қадірлі қонақ ретінде шақырғаны үшін алғыс білдіріп, зияткер оқушыларға өз білімдері мен қабілеттерін шыңдауда сонымен қатар жетістікке жетуде сәттілік тіледі.