Мектеп құндылықтары: «Құрмет» декадасы басталды
Жаңа оқу жылының бастамасы айтулы даталармен қоса, мектеп құндылықтарын дәріптеуге арналып отыр. Алдағы оқу жылының әр айында құрмет, отансүйгіштік, жауапкершілік, жаһандық азаматтық, денсаулық және саламаттық, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер, еңбекқорлық және шығармашылық, ашықтық, адалдық құндылықтары оқушылар бойына дәріптелетін болады. Таңғы жиын барысында мектеп директоры Балқан Касимов алғысөз сөйлеп, құрмет декадасын салтанатты түрде ашық деп жариялады:
— Жаңа оқу жылының алғашқы айы құрмет құндылығына арналмақ. Бұл құндылықтар әрқайсымыздың бойымыздан табылып, өміріміздің өзгермес қағидаларына айналуы тиіс. Сонда ғана, біз білім шыңына шыға аламыз, — деп мектеп басшысы ел өркендеуіне өз үлесімізді қосуда аталмыш құндылықтар декадасының маңызын айшықтап берді.
Сонымен қатар, бүгінгі таңғы жиын қуанышты жаңалықтармен басталды. «Shymkent marathon 2022» қалалық деңгейде өткен жүгіру жарысына Түркістандағы NIS атынан қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Дархан Шыңғыс пен Өмірбек Нышанбек белсенді түрде қатысып марафоннан жүлделі оралды.
Мектеп директоры жүлдемен оралған қос мұғалімге салтанатты түрде медаль тағып, жеңісті күндер көп болсын деп өз құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, мектептің педагог-ұйымдастырушы-кураторлар және тәрбиешілер бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «NIS Cyber cup II» ашық біріншілігінің жеңімпазы 7 D сынып оқушысы Арысбай Әбубәкір арнайы грамотамен марапатталды.
«Құрмет» декадасының ашылу салтанатымен басталған таңғы жиында, оқушылар 10 күн бойы ұстаздар мен мектеп қызметкерлеріне құрмет көрсетуге, мектеп ережелерін сақтап, сыпайы болуға уәде берді.