САУРАН АУДАНЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫНА АРНАЛҒАН АШЫҚ ЕСІК КҮНІ
Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Сауран ауданының мектеп директорларына арналған ашық есік күні өтті.
Кездесуге Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова мен аудандық кәсіподақ басшысы және 35 мектеп директоры, 10 әдіскер келді.
Шара барысы мектеп бойынша экскурсиядан басталды. Келген қонақтар ақпарат орталығынан бастап спорт зал, робототехника, саз өнері, инжиниринг, биология кабинеттері мен қоса жылыжай, тіл қазына кешені, кітапхана және мектеп интернатымен танысты.
Ашық есік күні экскурсиялық турдан соң мәжіліс залындағы отырыспен жалғасты. Жиында мектеп директоры Балқан Маратұлы Зияткерлік білім ордасы туралы және 7-сынып оқушыларына құжат қабылдау басталғаны жөнінде толық ақпарат берді. Қабылдау комиссиясына тапсыратын құжаттар тізімі және ата-ана ескеруі қажет санитарлық талаптарға байланысты онлайн брондау қызметі мен басқа да ережелерді атап өтті.
— Өздеріңізге белгілі, мектеп рухани шаһарда Зияткерлік білім ордасы ретінде жаңадан бой көтерді. Мектептің тыныс-тіршілігімен таныс болдыңыздар. Қазіргі таңда Түркістан қаласынан НЗМ «Өркен» білім беру грантын жеңіп алған 57 оқушы оқып жатыр. Біздегі оқытудың негізі – білімнің жан-жақтылығын, оқушының әр түрлі саланы толық зерттеуін қамтамасыз етеді. Сіздер оқытып отырған оқушылар Зияткерлік мектепте білім алып, көз алдарыңызда биік белестерді бағындырып жатқаны сіздер үшін мақтаныш екенін білемін. Сол себепті саурандық оқушылар конкурстық іріктеуге қатысып, бақтарын сынап көрсін! , — деп Балқан Қасымов сөз сөйлеп, саурандық мектеп басшыларын жас өскіндердің жарқын болашақтары үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Сонымен қатар, жиында қазіргі өтіп жатқан облыс аумағындағы 6 сынып оқушыларына арналған «Менің Түркістаным» атты интеллектуалдық байқаудың мақсаты мен шарттары туралы толық ақпарат айтылды.
Жиын соңында Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова мен мектеп басшылары сөз сөйлеп, Түркістанға Зияткерлік мектептің жаңа серпін, жаңа леп беретініне сенім білдіріп, ақ тілектерін жеткізді.