ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫНА АРНАЛҒАН АШЫҚ ЕСІК КҮНІ
🌱Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қалалық мектеп директорларына арналған ашық есік күні өтті.
🌱Кездесуге Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мен 19 мектеп директоры, 13 директор орынбасарлары, қала мектептерінің ата-аналар комитетінің 21 мүшелері келді.
🌱Шара барысы мектеп бойынша экскурсиядан басталды. Мектебіміздің зияткер оқушылары ашық есік күнінде гид болып, мектеп директорларына зияткерлік білім ордасын таныстырды. Келген қонақтар ақпарат орталығынан бастап спорт зал, робототехника, саз өнері, инжиниринг, биология кабинеттері мен қоса жылыжай, тіл қазына кешені, кітапхана және мектеп интернатымен танысты. Келген қонақтар мектептің тыныс-тіршілігімен таныс болып, ерекше әсер алды.
🌱Ашық есік күні экскурсиялық турдан соң мәжіліс залындағы отырыспен жалғасты. Жиында мектеп директоры Балқан Маратұлы Зияткерлік білім ордасы туралы және 7-сынып оқушыларына құжат қабылдау басталғаны жөнінде толық ақпарат берді. Қабылдау комиссиясына тапсыратын құжаттар тізімі және ата-ана ескеруі қажет санитарлық талаптарға байланысты онлайн брондау қызметі мен басқа да ережелерді атап өтті.
— Қазіргі таңда мектепте 7 сынып оқушыларына құжат қабылдау басталды. Түркістан төрінен ашылған жаңа мектеп болған соң, облысқа қарасты бірнеше аудандардан оқушылар келіп құжат тапсыруда. Біздің миссиямыз Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал ету және қоғам мен елдің игілігіне қызмет етуге дайын креативті, жаһандық ойлайтын, дені сау азаматтарды қалыптастыру болып табылады. Түркістан қаласының өзінен 57 оқушы НЗМ «Өркен» білім беру грантын жеңіп алған. Сіздер оқытқан оқушылар қазіргі таңда біздің мектепте зияткер оқушы атанып отыр. Сол себепті оқушылардың бір ғана сала төңірегінде ғана емес бірнеше салаларда топ жарып, үздік нәтиже көрсетуі сіздер үшінде мақтаныш екенін білемін, — деп Балқан Қасымов сөз сөйлеп, Түркістандық мектеп басшыларын жас өскіндердің жарқын болашақтары үшін бірлесе жұмыс жасаудың маңызды екенін жеткізді.
🌱Шара соңында қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы сөз сөйлеп, ел игілігіне үлесін қосар жастар үшін алдағы уақытта бір арнада жұмыс жасауға шақырды.