Гобелен/Тоқылған суретті кілем

Бұл – гобелен, яғни тоқылған суретті кілем. Гобелен — сәндік қолданбалы өнердің бір түрі. Бұл өнер 1662 жылы Францияда қалыптасқан. Гобелен Қазақстанда 1970 жылдан бастап қарқынды дамыды. Білім, ғылым, техника тақырыбын қамтыған гобиленнің терең философиялық мәні бар. Гобеленнің композициялық орталығы жер мен күнді сипаттайтын екі шеңбер арқылы ерекшеленген. Жоғары сол жақ бөлігінде әлемдегі ең танымал сәулеттік туындылар бейнеленген. Париждегі Эйфель мұнарасы, Римдегі Колизей мұнарасы Афинадағы Акрополь, Египет пирамидалары, Үндістандағы Тадж Махал, Мәскеудегі Кремль, Пиза мұнарасымен қатар ата-бабамыздың тарихында алатын орны үлкен, философиялық мағынасы терең қазақтың киіз үйі орналасқан. Гобеленнің оң жақ бөлігі ғылым мен білімге арналған. Одан төменірек – әйгілі алтын адам бейнесі. Алтын адам – Сақ ханзадасы. Оны  Алматы облысы Есік қорғанынан танымал археолог Кемел Ақышев басқарған экспедиция тапқан. Сонымен қатар, Киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб кесенелері бейнеленген. Оң жақ жоғарғы бұрышында «Ою-өрнек – ой айтар» дегендей қазақтың негізгі «қошқар мүйіз» оюы арқылы әр түрлі бейнелерді көз алдымызға елестетеді. Гобиленнің төменгі бөлігіндегі керуен қазақтың көшпелі өмірін көз алдымызға әкеледі және Жібек жолы бойымен өтіп бара жатқан керуенді көргендей боламыз. Керуен көшінің ортасында ұлттық салт- дәстүріміздің  бір көрінісі – қалыңдық отырған күйме суреттелген.

Суретшінің қолы, қиялы және жүрегі бірге жұмыс істесе ғана тамаша сурет шығады.

Джон Рескин