Білімге құштарлық, еңбексүйгіштік және патриотизм
Бүгін Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғашқы қоңырау соғылды. Салтанатты жиын «Білімге құштарлық, еңбексүйгіштік және патриотизм» тақырыбында өткізілді.
Шарада мектеп директоры Балқан Маратұлы алғысөз сөйлеп, оқушылар мен мектеп ұжымын, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады:
— Құрметті ата-аналар, және оқушылар, ұстаздар! Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Оқу ордамыздың ашылғанына бір жыл толмаса да біршама жұмыстар атқарылды. Оқушылар пән олимпиадаларына қатысып, түрлі ғылыми жобаларда бақ сынасты. Биылғы жыл ерекше маңызды жыл болмақ. Еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруда алға қойған мақсат-міндеттер көп. Алдағы оқу жылы табысты, жемісті болып, жетістіктеріміз молая берсін! – деп, 2022-2023 оқу жылында сәтті бастамалар тіледі.
Сонымен қатар, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың алғыс хатымен математика пәнінің мұғалімі Әшір Қажымұрат марапатталды.
Зияткерлік оқу ордасы жаңа оқу жылын 416 оқушымен бастап отыр.
Биыл «Өркен» білім беру грантын иеленген 138 оқушы 7 сыныпқа қабылданды. Мерекелік жиын барысы әнұрамен басталып, концерттік бағдарламаға ұласты. Шарада ата-аналар да, мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, оқуда озат болуда сәттілік тілеп, атаулы күнге орай ұйымдастырылған мерекелік жиынның куәсі болды.
Білім ордасына жаңадан қадам басқан 7 сынып оқушылары жас зияткерлер қатарына қосылып, жоғары сынып оқушыларымен шарф тағу рәсімі ұйымдастырылды.
Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын 7-сынып оқушылары арасында өткен конкурстық іріктеуден ең жоғары балл жинаған, «Өркен» білім беру грантының иегерлері Махкамбаева Балауса мен Мырзахмет Санжарға қоңырау тізгіні беріліп салтанатты түрде соғылды.